ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ МҰРАСЫ ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН АСТАНАДА «ТҮРКІСТАН» ЕКІ ТОМДЫҚ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
2026 жылғы 22 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының бірлескен қолдауы және ықпалдастығымен «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының салтанатты тұсаукесері өтті.
Жалпы көлемі 880 беттен тұратын іргелі ғылыми басылымда Түркістан тек Қазақстанның өңірі ғана емес, тұтас түркі өркениетінің аса маңызды тарихи және рухани орталықтарының бірі ретінде жан-жақты қарастырылған. Екі томдық энциклопедияның бас редакторы әрі жоба жетекшісі – академик Дархан Қыдырәлі, ал жауапты редакторы – филология ғылымдарының кандидаты Тұрдықұл Шаңбай.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Мемлекет басшысының атынан энциклопедияны әзірлеуге елеулі үлес қосқан Тұрдықұл Шаңбай мен басылымның жауапты редакторы Жандос Бәделұлына «Алтын Барыс» арнайы төсбелгілерімен бірге Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыстады.
Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова мұндай іргелі ғылыми жобалардың түркі әлемінің ортақ тарихи-мәдени жадын сақтаудағы және жүйелеудегі айрықша маңызын атап өтті. Қор президенті Түркістанның ортақ түркі өркениетінің басты орталықтарының бірі ретіндегі тарихи рөліне ерекше тоқталып, энциклопедияның келешек ұрпақ үшін құнды ғылыми дереккөзге айналатынына сенім білдірді.
Іс-шара аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры тарапынан академик Дархан Қыдырәлі мен академик Әділ Ахметовке түркі халықтарының мәдени мұрасын зерттеуге және кеңінен насихаттауға қосқан елеулі үлестері үшін «Түркі мәдениеті мен мұрасының елшісі» құрметті атағы берілді.
Сонымен қатар басылымның жауапты редакторы Тұрдықұл Шаңбай мен Әзербайжанның «Turkistan.az» ақпараттық порталының бас редакторы, белгілі журналист Ақыл Джамал Түркі мәдениеті және мұрасы қорының арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, энциклопедияны әзірлеу жұмыстары 2021–2025 жылдар аралығында жүргізілді. Ауқымды ғылыми жобаны жүзеге асыруға 300-ден астам ғалым мен зерттеуші атсалысып, 4000-нан астам есім мен ұғым жан-жақты зерттеліп, ғылыми тұрғыдан сараланды.
Салтанатты рәсімге мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ түркі мемлекеттерінің дипломатиялық миссияларының басшылары мен өкілдері, соның ішінде Әзербайжан, Қырғызстан және Түрікменстанның Қазақстандағы елшілері қатысты.