ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ МҰРАСЫ ҚОРЫ
Тарих
Қордың құрылу тарихы
Түркі мәдениеті және мұрасы қоры Әзербайжан Республикасы Президентінің бастамасымен Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Түркия Республикасы Президенттерінің қолдауымен халықаралық ұйым ретінде құрылды.
Қор Жарғысы 2012 жылы Бішкек қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) саммитінде қабылданды. Қор нақты қызметін 2015 жылы Әзербайжан Үкіметімен қабылдаушы ел туралы келісімге қол қою арқылы бастады. Осылайша Қордың штаб-пәтері Баку қаласында орналасқан.
2021 жылдың соңында Қор бюджетіне міндетті жарналарының шәкілі туралы хаттама мүше мемлекеттер тарапынан бекітілгеннен кейін, 2022 жылы Қор халықаралық ұйым ретінде толыққанды қызметін бастады. Сол жылы Қорға мүше мемлекеттер алғаш рет халықаралық кадрлық құрамды қалыптастыру мақсатында әрқайсысы екі өкілден жолдады.
2025 жылғы мамыр айында Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшыларының Будапешт қаласында өткен бейресми Саммиті аясында Өзбекстан Республикасын Қорға толыққанды мүшесі болуы туралы шешім қабылданды.
Айта кету керек, Венгрияға 2019 жылы, ал Түрікменстанға 2025 жылы бақылаушы мемлекет мәртебесі берілді.
Қор Президенттері мүше мемлекеттер арасынан әліпби тәртібімен 4 жыл мерзімге тағайындалады. Қордың алғашқы президенті Гюнай Эфендиева (Әзербайжан)
2015-2023 жылдар аралығында қызмет атқарды.
Қазіргі таңда Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті – проф. д-р Ақтоты Райымқұлова (Қазақстан). Ол 2023 жылғы 3 қарашада Астана қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы Саммиті барысында Түркі мемлекеттері басшыларының шешімімен осы лауазымға тағайындалды.
Қордың мандаты
Жарғыға сәйкес Қордың негізгі мақсаттары – түрлі іс-шаралар, жобалар мен бағдарламаларды қолдау және қаржыландыру арқылы түркі мәдениеті мен мұрасын сақтау, зерттеу және ілгерілету.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Қор:
- Түркі мәдениеті мен мұрасын сақтау, қорғау, қалпына келтіру және ілгерілетуге бағытталған бастамаларды қаржыландырады;
- Түркі мәдениеті мен мұрасын қорғау, қалпына келтіру және танымал етуге байланысты ғылыми-техникалық мәселелерді шешуді қолдайды;
- Осы салада мамандар даярлауға жәрдемдеседі;
- Семинарлар, шеберлік сыныптары, конференциялар, конгрестер, далалық зерттеулер мен көрмелер ұйымдастырады;
- Электрондық және баспа ғылыми жарияланымдарды дайындауға қолдау көрсетеді;
- Байқауларды, фестивальдерді, турнирлерді және өзге де іс-шараларды қаржыландырады;
- Түркі халықтары қоныстанған өңірлердегі дәстүрлі қолөнер мен қолданбалы өнерді жаңғыртуға, сақтауға және дамытуға қолдау көрсетеді;
- Қолөнершілерге, суретшілерге және басқа да шығармашылық өкілдеріне олардың зияткерлік меншік құқықтарын қорғауда көмек көрсетеді.
Қор Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы және Түркі инвестициялық қоры сияқты түркі ынтымақтастығы ұйымдары аясында түркі әлемінің бай мәдени мұрасын кешенді қорғау, ғылыми тұрғыда зерттеу, сақтау, қалпына келтіру және халықаралық деңгейде ілгерілету, сондай-ақ түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту бағытында жетекші институт болып табылады.
The objectives of the Foundation are to protect, study and promote the Turkic culture and heritage through supporting and funding activities, projects and programs.