БАКУДЕ «КӨГІЛДІР КҮМБЕЗ ҚҰПИЯСЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ ӨТЕДІ
2026 жылғы 30 қыркүйекте Баку қаласындағы Әзербайжан Ұлттық тарих музейінде Қазақстан Республикасының «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы әзірлеген «Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.
Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің және Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын кеңінен дәріптеу мақсатында ұйымдастырылуда.
Аталған жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерделеу, сақтау және оны Қазақстанда және халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың заңды жалғасы болып табылады.
Көрме экспозициясы көне Түркістанның бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстырып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіші әрі өңірдің аса маңызды рухани және мәдени орталықтарының бірі ретіндегі тарихи маңызын айшықтайды.
Экспозицияда кесененің сәулеттік ерекшеліктері мен эпиграфикалық мұрасына айрықша назар аударылған. Көрмеге келушілер XII ғасырға жататын түпнұсқа терракоталық тақташаларды, XIV ғасырдағы жылтыратылған қаптама үлгілерін, майолика және мозаика элементтерін, сондай-ақ кесене қабырғаларындағы бірегей куфи жазулары мен араб каллиграфиясының фотоматериалдарын тамашалай алады.
Экспозицияның орталық бөлігінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің екі макеті ұсынылады. Бірінші макет сәулет кешенінің ішкі құрылымы мен негізгі бөлмелерінің орналасуын көрсетсе, екіншісі кесененің тұтас сәулеттік келбетін бейнелейді.
Көрменің арнайы бөлімі Қожа Ахмет Ясауидің рухани және зияткерлік мұрасына арналған. Мұнда Ясауи мұрасына қатысты қолжазбалар мен тарихи материалдар, «Насабнама» — шежіре, сондай-ақ оның ізбасарларының еңбектері ұсынылады. Аталған жәдігерлер Ясауи ілімінің түркі халықтарының рухани дүниетанымы мен мәдени дәстүрінің қалыптасуына тигізген ықпалын танытады.
Халықаралық көрменің Баку қаласында ұйымдастырылуы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дәстүрлі мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға, музейлер арасындағы кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ түркі өркениетінің бай тарихи-мәдени және рухани мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеуге ықпал етеді.
«Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесінің салтанатты ашылуы 2026 жылғы 30 қыркүйекте сағат 11:00-де Баку қаласындағы Әзербайжан Ұлттық тарих музейінде өтеді.