Артқа

«ДИУАНИ ЛҰҒАТ АТ-ТҮРК» КӨРМЕСІ КЕЛУШІЛЕРГЕ ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ЕСІК АШТЫ: МАХМҰД ҚАШҚАРИ МҰРАСЫ ЫСТЫҚКӨЛДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

30.09.2026 20:54

2026 жылғы 30 қыркүйекте Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысында орналасқан Құрманжан Датқа атындағы Көшпелі өркениет орталығында «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегіне арналған тұрақты экспозицияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Алғаш рет 2024 жылы Бішкекте, кейін 2025-2026 жылдары Астана мен Түркістанда ұсынылған көшпелі көрме енді Ыстықкөлде тұрақты түрде жұмыс істейтін болады. Жоба Қырғыз Республикасының Бірінші ханымы Айгүл Жапарованың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды.

Жобаны Түркі мәдениеті және мұрасы қоры Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (TİKA) және Түркі дүниесі қорымен бірлесіп іске асырды.

Ашылу рәсімінде Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова сөз сөйледі. Қор президенті өз тарихын 2024 жылы Бішкекте бастаған көрменің Ыстықкөлде тұрақты экспозицияға айналғанына қуанышты екенін жеткізді. Ол «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегін түркі халықтарының мәдениеті мен тіл әлеміне жол ашатын құнды мұра ретінде сипаттап, көрменің ортақ мұраны келер ұрпаққа жеткізудегі маңызын атап өтті.

Сондай-ақ Түркия Республикасының Бішкектегі Елшісі Мұстафа Кемал Өкем, TİKA басшысы Абдуллах Эрен, Түркі дүниесі қоры Басқармасы төрағасының орынбасары Осман Өзсой және Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің орынбасары Союзбек Надырбеков сөз сөйледі. Олар Махмұд Қашқаридің Ыстықкөлмен және Барсқан өңірімен тарихи байланысын, оның еңбегінің түркі дүниесінің ортақ тарихи жадындағы орнын, сондай-ақ көрменің өңірдегі түркі мәдени мұрасын дәріптеу мен сақтауға қосатын үлесін атап өтті.

Ашылу рәсіміне Қырғызстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус, мемлекеттік және мәдени мекемелер өкілдері, ғалымдар, сондай-ақ жергілікті және шетелдік қонақтар қатысты.

Ыстықкөлде «Диуани лұғат ат-түрк» тұрақты экспозициясының ашылуы Махмұд Қашқари мұрасын келер ұрпаққа жеткізу және түркі дүниесінің ортақ мәдени жадын сақтау тұрғысынан айрықша мәнге ие.

Қатысушылар көрменің тарих пен бүгінгі күнді тоғыстыратын рухани кеңістікке айналып, келушілерге түркі дүниесінің байлығы мен өзіндік болмысын танытатынына сенім білдірді.